Жаңалықтар
Петропавлдық NIS-тің волейбол командасы облыстық кезеңде күміс жүлдегер атанды
30 наурыз 2026 13:59
Бескөл ауылында орналасқан «Болашақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 9-12 сынып оқушыларының арасында волейболдан ұлдар командаларының Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңі өтті. Жарысқа облыс аудандары мен облыс орталығының командалары қатысып, 3 топқа бөлініп, топтық кезең ойындарын өткізген болатын. Бұл лигада Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы облыстық интернаттық мекемелердің атынан өнер көрсетті.
Жарыстың бірінші күнінде мектеп командасы барлық кездесулерде сенімді ойын көрсетті. Алғашқы ойында Тайынша ауданының командасын 2:1 (15:25, 25:21, 15:8) есебімен жеңсе, екінші кездесуде Қызылжар ауданының командасын 2:0 (25:17, 25:23) есебімен ұтты. Үшінші ойында Аққайың ауданының командасын 2:0 (25:23, 25:16) есебімен жеңіп, топтан сенімді шықты.
Екінші күні мектеп командасы Уәлиханов ауданының құрамасымен кездесіп, 2:0 (25:19, 25:17) есебімен басым түсті. Алайда кейінгі ойында былтырғы чемпион Ақжар ауданының командасына 0:2 (20:25, 21:25) есебімен есе жіберді.
Жарыс қорытындысы бойынша мектептің ұлдар волейбол командасы жоғары ойын деңгейін көрсетіп, мол тәжірибе жинақтап, жүлделі II орынға ие болды.