logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келді

19 наурыз 2026 18:28

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келді.
Қонақтарды мектептің кіреберісінде оқушылар жылы қарсы алып, Наурыз мерекесімен және жаңару күнімен құттықтады. Бағдарлама аясында облыс әкімі мектептің миссиясы және негізгі даму бағыттарымен, CIS халықаралық аккредитациясы, Microsoft және KiVa бағдарламаларымен танысты. Оқушылар меймандарды мектепте екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келетін «Абай – XXI ғасырдың рухани үні» жобасымен де таныстырды.
Сапар барысында мектептің заманауи білім беру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Ғауез Нұрмұхамбетов петропавлдық NIS оқушыларының STEM зертханасында жүзеге асырып келетін стартап-жобаларын, робототехника бойынша байқаулар әзірлеген роботтарын, сондай-ақ физика, химия, биология және басқа да пәндер бойынша дайындаған ғылыми жобаларын көріп, таңданысын жасырмады. Мәселен, оқушылардың су тасқынын ескерту жүйесі, қарияларға көмекші Help mate үй роботы, әлеуметтік жобалары қазірдің өзінде іске жаратуға дайын. Үздік жобалармен танысқаннан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов олардың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бірқатар жобаларды облыс деңгейінде түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мектеп педагогтері де өз кезегінде облыс әкіміне ғылыми зерттеулерін, авторлық әзірлемелерін және жобалық қызмет нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар, меймандар оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінің жұмысымен танысты.
Кездесу соңында Ғауез Нұрмұхамбетов педагогикалық ұжым мен оқушылардың жұмысына жоғары баға беріп, әзірлемелердің өзектілігін, практикалық маңыздылығын және инновациялық әлеуетін атап өтті. Өңір басшысы мұндай бастамалардың аймақта білім беруді дамытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.