logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

«Ана бақыты – бала бақыты» атты аналар форумы

05 наурыз 2026 15:17

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ана бақыты – бала бақыты» атты аналар форумы өтті. Бұл - мектепте ұйымдастырылып отырған екінші форум. Іс-шараға мектеп оқушыларының аналары, Солтүстік Қазақстан облысының Әйелдер күштері альянсының өкілдері және мектептің әлеуметтік серіктестері – «Сенім», «Күнсәулелі балалар», «Көпбалалы аналар» ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ алғашқы «Бақытты ана – бақытты бала» форумының спикерлері де мейман болды.
Форум аясында алдымен панельдік отырыс өтіп, онда мектептің үздік оқушыларының аналары көпшілікке бала тәрбиесі, ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және өмірлік тәжірибелері жайлы ой бөлісті. Спикер ретінде форум қатысушыларын әдеп, протокол және іскерлік коммуникациялар жөніндегі маман, Солтүстік Қазақстан облысы Әйелдер күштері альянсының мүшесі Диляра Жумагулова, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі (проректор), философия докторы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы әйелдер қанатының төрағасы Айгүл Нұрпейісова, журналист Эльмира Каленова және Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологы Динара Шаймерденова шабыттандырып, кәсіби білімдерімен де бөлісті. Бұл кездесу мектепке баласы биыл оқуға түскен аналарды да, түлек тәрбиелеп отырған нәзік жандыларды да бей-жай қалдырмады.
Панельдік талқылаудан кейін барша меймандар «Самға» @samga_san.uyi және “Шаңырақ” @shanyrak_ethno_studio сән үйлері ұсынған сән көрсетілімін тамашалады. Мектеп оқушылары көпшілікке дизайнерлер тіккен әрбір киім үлгісін таныстырды.
Форумды барша нәзік жандыларды шабыттандырған TEDx форматында шыққан спикерлер өрбітті. Білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, педагогика саласының сарапшысы, ана және әже Салима Макишева, сондай-ақ өңіріміздің танымал тұлғаларының бірі – «Zarina Mavlyani» сән үйінің негізін қалаушысы, fashion-брендтерді дамыту жөніндегі сарапшы, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы төрағасының орынбасары және үш қыздың анасы Зарина Мавляни өз өмірлік жолы мен тәжірибесін бөлісіп, аналарға мотивациялық әрі әсерлі әңгімесін ұсынды.

Форум қатысушылары іс-шарадан ерекше ләззат, шабыт алып, сый-сияпатқа кенелді. “Шаңырақ” сән үйі сыйлық ретінде әр анаға арнайы сертификат әзірледі. Ал көпшілікке үлгі болған спикерлер форумның белгісі - арнайы тапсырыспен әзірленген орамал және мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды.