Жаңалықтар
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі хакатон өтті
04 наурыз 2026 15:26
Бұл іс-шара осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын хакатон өзекті мәселелерге технологиялық шешімдер ұсынуға дайын дарынды әрі бастамашыл оқушылардың басын қосады. Бұл жолы 9–12 сыныптар санатында 50 шақты команда қатысты. 16 сағат бойы оқушылар келесі бағыттар бойынша өз жобаларын әзірледі: Smart Flood Control – «Су тасқынын ақылды бақылау жүйесі», Smart School Transport – «Мектеп маршруттарының ақылды жүйесі», Smart Eco-City – «Экологияны ақылды бақылау», Smart Citizen App – «Тұрғынның бірыңғай қосымшасы», Smart Energy – «Болашақтың энергия тиімді мектебі». Командалар аталған қосымшалардың прототиптерін жасап, жобаның функционалын, бизнес-логикасын ойластырып, өз шешімдерін сарапшылар алқасына таныстырды.
Хакатонның дәстүрлі демеушісі «Арида» компаниясы мектеп ұжымының бастамасын қолдап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыстады. Нәтижесінде III орынды Нариман Казбеков, Амир Темеркулов, Амир Айдархан және Мирас Темировтан құралған «Ctrl+Win» командасы иеленді. II орынды Тимур Искаков, Айдын Исатаев, Егор Дроздов және Адель Сагатовадан құралған «Eclipse» командасы алды. Хакатон жеңімпазы атанған «Унзиля» командасының құрамында Назар Аканов, Арсен Ғалымжан, Нұрбатыр Төлеген және Айгерим Беккожина болды. Барлық жүлдегерлер демеушілердің тарапынан ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мектепішілік кезеңнің жеңімпаздары енді желілік хакатонда мектеп намысын қорғайды.