Жаңалықтар
Петропавлдық NIS-тің 11-сынып оқушылары бизнес жобаларын қорғады
28 мамыр 2026 12:47
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі бизнес жобаларды қорғау шарасы өтті. Қазылар алқасының алдында өз идеяларын 11-сынып оқушылары таныстырды.
Бизнес-жоба - оқушылардың оқу жылының өне бойына «Экономика» пәні аясында алған білімдерінің қорытындысы. Оқушылар осы уақыт аралығында кәсіпкерлік, маркетинг және қаржылық жоспарлау негіздерін меңгеріп, өнімнің өзіндік құны мен бағасын есептеуді, нарықты зерттеп, сұранысты талдауды үйренді. Ал жыл соңында әр команда жан-жақты әзірленген дайын бизнес-идеясын ұсынды.
Биыл қазылар алқасына түрлі бағыттарды қамтитын 9 жоба ұсынылды. Олардың қатарында салқын логистикаға арналған PCM-модульдер өндірісі, симрейсинг-клубы, Солтүстік Қазақстан облысының емдік өсімдіктері негізінде жасалған табиғи косметикалық крем, «Sandyq» музыкалық қобдишасы, SmartView технологиялық жобасы, «NoteGet» портативті шағын-принтері, «Asclepius Chip» медициналық жобасы, NIS-ке түсуге дайындық жүргізетін білім беру орталығы, сондай-ақ этностильдегі «KazArt Paint» бояу картиналары бар.
Бизнес-жобаларды қорғау оқушыларға академиялық білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп, болашақта кәсіпкерлікке алғашқы маңызды қадамға айналады.