Жаңалықтар
Петропавлдық NIS-те домбыра пәні бойынша есептік концерт өтті
25 мамыр 2026 12:49
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Домбыра» міндетті пәні аясында 7-сынып оқушыларының есеп беру концерті өтті. Оқушылардың ашық аспан астында өнер көрсетіп, ата-аналар мен мектеп қонақтарына ерекшемкөңіл-күй сыйлады.
Жас домбырашылар - барлық 7 сынып оқушылары оқу жылының өне бойында үйренген бірнеше күйді орындап берді. Мерекелік кеш жылы әрі әсерлі атмосферада өтіп, ата-аналар балаларының бір жыл ішінде үйренген өнерін тамашалады.
– Кейбір оқушылар үшін мектептегі домбыра сабағы ұлттық аспапты алғаш рет қолына алып, домбырада ойнауды үйренуге мүмкіндік болды. Бір жыл ішінде оқушылар өз деңгейінде домбыра тартуды меңгеріп, бірнеше күй үйреніп, концерттерге қатысты. Алдағы уақытта олар шеберліктерін одан әрі шыңдайтын болады, – деді мектеп директоры Виктор Сосин.
7-сынып оқушыларына арналған «Домбыра» жобасы петропавлдық NIS-те міндетті пән ретінде жүзеге асырылады. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және оқушылардың қазақтың музыкалық мәдениетіне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған.