Жаңалықтар
«Серіктес мектептер» жобасы аясындағы білім алмасу бағдарламасы
11 қыркүйек 2025 15:05
2025 жылғы 8–12 қыркүйек аралығында Алматы қаласы Медеу ауданындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Greener Pastures International School (Яунде, Камерун) білім ордасымен бірлесіп «Серіктес мектептер» жобасы шеңберінде білім алмасу бағдарламасы ұйымдастырылды.
Бір апта бойы Камеруннан келген оқушылар Физика, Информатика, Биология және Химия пәндері бойынша зертханалық тәжірибемен ұштастырылған қарқынды курстан (STEM subjects with laboratory immersion) сәтті өтті. Зертханалық сабақтар оларға NIS жүйесінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқытудың әдістемесімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Академиялық бағдарламадан бөлек, сапардың маңызды бөлігі мәдени алмасуға арналды. Алматыдағы NIS оқушылары қонақтарға арнап бірлескен іс-шаралар, спорттық ойындар, шығармашылық қойылымдар және достық кездесулер ұйымдастырып, оларды қазақ мәдениетімен және мектеп өмірімен жақын таныстырды. Өз кезегінде NIS мұғалімдері шетелдік оқушылармен жұмыс тәжірибесін арттырып, педагогикалық тәсілдермен алмасты.
Greener Pastures International School өкілдері бұл ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Өз пікірлерінде олар былай деді:
«Қазақстан Үкіметінің бірегей білім беру инфрақұрылымы мен бағдарламасын әзірлегенін көргенімізге қуаныштымыз. Африка елдерімен, әсіресе біздің Greener Pastures мектебімізбен халықаралық алмасуларға жол ашылғанына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл мүмкіндікті Орталық Африкадағы көптеген мектептермен бөлісуге асығамыз. Мұндай қадамдар шынымен шабыттандырады және Қазақстанға жаңа перспективалар ашады».