Жаңалықтар
2026-2027 оқу жылының алғашқы апталық іс-шарасы қалай өтті?
18 қыркүйек 2026 16:51
7-18 қыркүйек аралығында NIS Алматы-Медеу мектебінде өнер және дене шынықтыру пәндері онкүндігі өтті. Онкүндік барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, спортқа деген қызығушылығын арттыруға және белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Апта өнер және дене шынықтыру пәндері онкүндігінің ашылуымен басталды. Мектеп оқушылары алдағы күндері өтетін іс-шаралармен танысып, шығармашылық және спорттық бағыттағы белсенділікті дамытуға кірісе кетті.
Нақтырақ айтқанда, спорттық іс-шаралар қатарында 7-12 сынып оқушылары арасында шахматтан командалық турнир, 8-сыныптар арасында футболдан жарыс өтті. Жарыстарда оқушылар командалық ойын, шапшаңдық пен тактикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Ал, өнер бағыты бойынша оқушыларға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, мектеп ұжымына арналған «Сочный арт: Жемісті миниатюралар» тақырыбындағы шеберлік сағаты өтіп, қатысушылар өз қолдарымен шығармашылық жұмыстар жасады. Сонымен қатар, оқушылар бисер тоқу және Loom Bands бағыттары бойынша шеберлік сағатына қатысты.
Онкүндіктің ерекше шараларының бірі «ETHNO-SABANTOI» мәдени фестивалі. Фестиваль аясында оқушылар ұлттық мәдениетпен танысып, дәстүрлі құндылықтар мен шығармашылықты заманауи мектеп ортасымен ұштастырды. Ал, онкүндіктің спорттық бағдарламасын NIS RUN 2026 марафоны толықтырды. Таңғы уақытта мектеп оқушылары, ата-аналар мен ұстаздар қалалық стадионда бас қосып, салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған марафонға қатысты.
Өнер мен спортты қатар қамтыған онкүндік оқушыларға өз қабілеттерін әр қырынан көрсетуге, жаңа бағыттарды байқап көруге және мектеп қауымдастығымен бірге белсенді уақыт өткізуге мүмкіндік берді.