Жаңалықтар
Жасанды интеллект дәуірінде кітап оқудың маңызы қандай?
16 қазан 2026 12:52
Жасанды интеллект сұрақтарға санаулы секундта жауап беретін заманда кітап оқудың маңызы қандай? Цифрлық технологиялар дамыған сайын білім алу тәсілдері де өзгеріп келеді. Ал кітап-білім мен танымның маңызды қайнар көзі болып қала береді.
NIS Алматы-Медеу мектебінде оқушылар мен ұстаздарға арналған кітап қоры жаңа басылымдармен толықты. Сонымен қатар, мектеп кітапханашылары жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның кітапхана саласына ықпалы талқыланған республикалық семинар-тренингке қатысты.
Жаңа кітаптар - жаңа әлем
Мектеп кітапханасына оқушылар мен ұстаздардың назарына ұсынылған жаңа кітаптар келіп түсті. Олардың қатарында: Өзбекәлі Жәнібек, Қаныш Сәтбаев, Шерхан Мұртаза және Сәуле Досжан сынды танымал тұлғалардың еңбектері бар.
Жаңартылған қордан роман, детектив, фэнтези, мотивациялық әдебиет және басқа да бағыттардағы шығармаларды табуға болады. Әр кітап оқырманға жаңа ой салып, дүниетанымын кеңейтуге және тың идеялармен танысуға мүмкіндік береді.
Кітапхана және жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер
2026 жылғы 1–2 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.
Іс-шара барысында кітапхана саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу, электронды қорларды дамыту, электронды каталогтар жүйесін жетілдіру және халықаралық тәжірибені қолдану мәселелері қарастырылды.
Семинарға мектебіміздің атынан кітапханашылар Рима Зараухаева мен Іңкәр Байбекова қатысып, кәсіби білімдерін толықтырып, тәжірибе алмасты.
Жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, кітаптың адамға ой салу, қиялын дамыту және білімін тереңдетудегі орны ерекше. Заманауи технологиялар мен кітап оқу мәдениетінің үйлесуі-білім кеңістігін дамытудың маңызды бағыттарының бірі.