Жаңалықтар
NIS оқушылары сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған инновациялық шешім әзірледі
13 желтоқсан 2024 12:25
Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің физика-математика бағытындағы оқушылары сөйлеу қабілеті бұзылған (мысалы, дизартрия, ДЦП немесе инсульттен туындаған) адамдардың сөйлеуін қалыпқа келтіріп, қоршаған ортаға түсінікті етуге қабілетті мобильді қосымша жасады.
Шешім OpenAI Whisper моделін қолданатын жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген. Flutter платформасында әзірленген қосымша алдын ала жаттықтырылған модельге сұраныс жібереді, ол бұзылған сөйлеуді мәтінге айналдырады. Содан кейін мәтін text-to-speech технологиясы арқылы дыбысталады. Бұл тәсіл сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектеседі.
Жоба қазіргі заманғы технологияларды терең түсінуді және оқушыларымыздың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешетін өнімдер жасауға ұмтылысын көрсетеді.
Команда өз жобасын 18-19 қазан күндері Satbayev University-де өткен Decentrathon 2.0 Республикалық хакатонында сәтті таныстырды, оған Қазақстанның 17 өңірінен 1000-нан астам қатысушы қатысты. Команда «Жасанды интеллект» санатында 2-орынға ие болып, 700 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Команда құрамында: • Сандыкбаев Әділ • Сағын Джумадильдаев • Дастан Өзгелді
Оқушыларымыздың жетістігі — олардың қажырлы еңбегінің, білімінің және жетілдіруге деген ұмтылысының нәтижесі. Командаға технологияларды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз және оларға одан әрі жетістіктер мен жаңа жеңістер тілейміз!