Мектеп тарихы
Алматы қаласы Медеу ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Мектеп тарихы
Алматы қаласы Медеу ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2014 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды. Мектептің негізгі мақсаты – оқушыларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сапалы білім беріп, оларды әлемдік білім кеңістігіне бейімдеу. Осы мақсатта оқу бағдарламасына үш тілде білім беру жобасы енгізілген.
Оқу жоспары стратегиялық әріптес – Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген «NIS-Programme» негізінде құрылып, ұлттық және халықаралық стандарттарды үйлестіреді.
Инфрақұрылым
Мектеп 7 блоктан тұрады. Онда 81 оқу сыныбы, заманауи жабдықталған пән кабинеттері мен зертханалар, STEM және робототехника орталықтары, телестудия, мәжіліс залы, психологиялық қолдау кабинеттері, сондай-ақ ұлттық нақыштағы оранжерея орналасқан.
Кітапхана «100 кітап» жобасы аясындағы классикалық әдебиеттерді қамтиды. Сонымен қатар, оқушылар TWIG онлайн платформасы арқылы жаратылыстану пәндеріне арналған 1500 оқу фильміне қол жеткізе алады.
Жетістіктер
Бүгінде мектепте 1000-нан астам оқушы білім алуда. Оларды жоғары білікті ұстаздар – ғылым докторлары, магистрлер және халықаралық бағдарламалар түлектері оқытады.
2018 жылы мектеп Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан өтті.
2019 жылы ұлттық аккредитациядан өтті.
Түлектердің IELTS бойынша орташа балы – 7,2.
2015–2022 жылдары «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы үздік олимпиадалық мектеп» атанды.
Соңғы он жылда оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда 778 жеңіске жетті.
Мектептің робототехника командасы үш жыл қатарынан әлем чемпионы атанып, 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурда және 2024 жылы Афинада өткен First Global Challenge жарыстарында алтын жүлде иеленді. Сондай-ақ оқушылар 2023, 2024, 2025 жылдары NASA ұйымдастырған беделді Space Settlement Contest байқауында жеңімпаз атанды.
Түлектер
Соңғы он жылда мектепті 1300-ден астам түлек тәмамдады. Олардың арасында Гарвард, MIT, Йель, Пенсильвания университеті мен Уильямс колледжінде білім алып жатқан жастар бар. Көптеген түлек шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда.
Құндылықтар
Мектеп академиялық жетістіктермен қатар, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін, шығармашылық әлеуетін және спорттық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта 20-дан астам үйірме мен клуб жұмыс істейді.