Жаңалықтар
Алматы-Наурызбай Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл
15 желтоқсан 2025 16:52
Алматы-Наурызбай қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында мектеп ұлттық және халықаралық деңгейде мойындалған білім ордасына айналды.
Мерейтой аясында ғылыми, экологиялық және көркем жобалар көрмесі, мұғалім-зерттеушілердің таныстырылымы, салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараға мектептің Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма өкілдері, республикадағы 22 Зияткерлік мектептің директорлары және жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Ануар Жангозин мектеп ашылған күннен бастап қызмет етіп келе жатқан педагогтерді Алғыс хаттармен марапаттады.
10 жыл ішінде Алматы-Наурызбай НЗМ 1186 түлек түлетті. Түлектер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Қытай, Корея, Сингапур, Франция, Италия және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. 200-ден астам түлек Назарбаев Университетіне оқуға түсті. 2002 жылғы түлек Рамина Аскарова мектеп тарихында алғаш рет Айви Лигасын бағындырды. Дарынды түлек АҚШ-тың жетекші оқу орындарының бірі – Дартмут колледжінің грантының иегері атанды. Ал 2024 жылғы түлек Ильяс Муслимханға АҚШ-тың үздік бес университетінің қатарына кіретін Чикаго университеті толық оқу грантын ұсынды.
Мектеп оқушылары желілік, республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 10 жыл ішінде мектеп қоржынында 410 желілік, 366 республикалық және 159 халықаралық марапат бар. 2025 жылы PID командасының АҚШ-та өткен FIRST CHAMPIONSHIP жарысындағы жеңісі – мектеп тарихындағы жарқын жетістіктердің бірі.
«Дарын» республикалық олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы, Менделеев атындағы және «ТУЙМААДА» халықаралық олимпиадаларының алтын, күміс және қола медаль иегері Еңлік Бақытбекова мерейтойлы жылы химия пәні бойынша 57-ші Халықаралық олимпиадада (IChO–2025) күміс жүлдегер атанды. Республиканың үздік олимпиадниктерінің қатарындағы Еңлікті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, дарынды оқушыны құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.
«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Алматы-Наурызбай НЗМ үш тірек мектептердің мұғалімдері мен кітапханашылары үшін мектеп базасында тағылымдамалар ұйымдастырады. Сонымен қатар тірек мектептердің пән мұғалімдері мен психологтарына арналған пәндік білім, зерттеушілік дағдылар және функционалдық сауаттылық бойынша көшпелі семинарлар өткізілуде.
Педагогтер халықаралық ESER және WALS форумдарында ғылыми зерттеулерін тұрақты түрде ұсынады. Биология пәні мұғалімі Гүлмира Бесенбаева ECER–2023 форумында 80 елден қатысқан 3500 қатысушының арасынан "Үздік постер" номинациясының иегері деп танылды. Педагогтер Дана Байдильдинова, Зауре Дильманова, Шолпан Әбішева «Қазақстанның үздік мұғалімі» атағына ие болса, химия пәнінің мұғалімі Шолпан Әбішева «Құрмет» орденімен марапатталды.
Зияткерлік мектептің басты қағидаты –
«Барлығы өз қолымызда! Білімге ұмтылу – табысқа бастар жол!»
Бұл ұстаным жыл сайын ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері арқылы дәлелденіп келеді.