Жаңалықтар
Мақсұт Жұмаев NIS төрінде
20 ақпан 2026 16:14
Алматы – Наурызбай NIS-те “Даналық бейсенбі” аясында Қазақстанның танымал альпинисі, ұлттық альпинизм құрамасының капитаны, әлемнің барлық 14 сегізмыңдық шыңын бағындырған Мақсұт Жұмаевпен әсерлі кездесу ұйымдастырылды.
Танымал қонақ жүргізушілердің сұрақтарына жауап бере отырып, альпинистік Олимпті бағындырған жолы туралы әңгімеледі: 2007 жылы Эверест шыңына алғаш рет көтерілуі, әлемдегі ең қауіпті шыңдардың бірі К2 -Чогориді бағындыруы туралы сөз қозғады. «Ажал шыңы» атанған бұл тауда статистика бойынша, әрбір төртінші альпинист қаза табады. Сондай-ақ ол альпинизм адам мінезін шыңдап, алға қойған мақсаттан тайдырмауға үйрететінін атап өтті.
Мақсұт Жұмаевтың әлемнің барлық сегізмыңдық шыңдарды оттегісіз бағындыруы, Мексиканың биік жанартауы Орисабаға барған соңғы сапары зияткерлердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесу барысында оқушылар қазақстандық альпинизм тарихы мен оның көрнекті өкілдері туралы тың мағлұмат алды.
Қонақ мектептің жартасқа өрмелеу клубымен танысып, өз кеңестерімен бөлісті. Айтулы кездесу оқушыларда тау туризміне қызығушылықтарын арттырып жаңа серпін берді.