Жаңалықтар
NIS SHARE: ауыл мектептері мұғалімдерінің зерттеушілік әлеуетін дамытуға бағытталған жоба басталды
09 қазан 2026 10:48
Алматы қаласындағы Наурызбай NIS-те ауыл мектептері мұғалімдерінің зерттеушілік әлеуетін арттыруға және педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған «NIS SHARE» инновациялық жобасы бастау алды.
Бұған дейін Зияткерлік мектепте жинақталған озық педагогикалық тәжірибені тарату және ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келді. Биылғы оқу жылындағы маңызды жаңалықтардың бірі – тірек мектептері мұғалімдерінің Action Research (іс-әрекеттегі зерттеу) тәсілін меңгеруіне және оны өздерінің күнделікті педагогикалық тәжірибесінде тиімді қолдануына жағдай жасау.
Жобаның алғашқы кезеңі аясында Бақанас және Ұзынағаш ауылдарындағы тірек мектептерінің мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Кездесу барысында Алматы–Наурызбай NIS командасы қатысушыларды жобаның мақсат-міндеттерімен, негізгі бағыттарымен және жүзеге асыру кезеңдерімен таныстырып, кіріспе оқыту өткізді.
«NIS SHARE» жобасы педагогтердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға, оқыту үдерісіндегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерделеуге және зерттеу нәтижелері негізінде тиімді педагогикалық шешімдер қабылдауға бағытталған. Action Research тәсілі мұғалімдерге өз тәжірибесін жүйелі талдауға, оқыту әдістерінің тиімділігін бағалауға және оқушылардың оқу жетістіктерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жоба қатысушылары үшін тәлімгерлік қолдау мен тәжірибелік оқыту жалғасады. Тренингтер бағдарламасы мұғалімдердің іс-әрекеттегі зерттеу үдерісіне терең бойлауына, зерттеу сұрақтарын құрастырудан бастап, деректер жинау, талдау және нәтижелерді тәжірибеге енгізуге дейінгі негізгі кезеңдерді меңгеруіне бағытталған.
«NIS SHARE» – озық педагогикалық тәжірибені бөлісу, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға үлес қосатын ортақ алаң. Жоба аясындағы өзара тәжірибе алмасу мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, зерттеушілік тәсілдерді білім беру тәжірибесіне жүйелі енгізуге жол ашады.