Жаңалықтар
NIS тәжірибесін тарату: "Сабақты зерттеу арқылы дамыту — кәсіби дамудың негізі"
27 қаңтар 2025 17:10
Алматы қаласындағы Зияткерлік мектеп педагогтары Тұрар Рысқұлов атындағы Ұзынағаш елді мекеніндегі тірек мектебінің мұғалімдеріне тағылымдама ұйымдастырды. Тағылымдаманың негізгі тақырыбы "Сабақты зерттеу арқылы дамыту — кәсіби дамудың негізі" болды. NIS оқу бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылатын Lesson Study әдісі тірек мектептің оқыту процесіне енгізуліге ұсынылады.
Тағылымдаманың мақсаттары мен міндеттері
Басты мақсаты — тірек мектеп мұғалімдерін сабақты зерттеу әдісімен таныстыруды жалғастырып, білім беру үдірісінде қалай қолдануға болатындығын көрсету. Шара барысында педагогтар тірек мектептегі әріптестері өткізген ашық сабақтарға қатысып, заманауи педагогикалық әдістерді қолдану тиімділігін бағалады.
Сабақты зерттеу әдісі, сабақ құрылымын, оқушылардың мотивациясын және сабақ барысында дифференциациялауды жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс мұғалімдердің кәсіби дамуында маңызды рөл атқарады және оқушылардың білім алу деңгейін арттыруға септігін тигізеді.
Сабақтарға бақылау және кері байланыс
NIS сарапшылары мектеп мұғалімдерінің сабақтарын бақылап, оқытудың түрлі аспектілерін бағалады: сабақ құрылымы, оқушыларды ынталандыру әдістері және сабақты саралау тәсілдері.
Бақылаудан кейін сарапшылар мұғалімдерге өз сабақтарын жақсартуға көмектесетін ұсыныстарын берді. Бұл кері байланыс сабақтар сапасын арттыруға және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Панельдік сессиялар мен семинарлар
Сабақтарға бақылау панельдік семинарлармен жалғасты. Зияткерлік мектеп мұғалімдері оқушылардың аналитикалық, логикалық, зерттеу дағдыларын дамыту үшін қолданылатын заманауи әдістермен бөлісті. Атап айтқанда, STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер және математика) және PBL (жоба негізіндегі оқу) әдістері қолданылды.
Семинарлар барысында тірек мектеп мұғалімдері оқушылардың ойлау дағдыларын дамытуға арналған түрлі тәсілдермен танысты. Зияткерлік мектеп педагогтары осы әдістерді өз сабақтарында қалай тиімді пайдалану керектігін жан-жақты көрсетті.
Тәжірибелік шеберлік сағаттар
Тағылымдаманың тағы бір маңызды бөлігі — тәжірибелік шеберлік сағаттар болды. "STEAM-ұстаздар әдеби шығармаларға негізделген сабақтарды қалай ұйымдастыруға болады?" тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Искакова әдеби шығармаларды сабаққа интеграциялау жолдарын көрсетті. Тарих мұғалімі Күликенова Г.Х. "PhBL — құбылыстарға негізделген оқыту: ХХІ ғасырдың оқу қажеттілігі" атты дәрісін оқып, қазіргі уақытта білім беру саласындағы жаңа қажеттіліктер туралы айтып өтті. Ал Боханова Н.С. ғылыми мақаланы жазу алгоритмін түсіндіріп, мұғалімдерге зерттеу жұмыстарын жазуда тәжірибелік кеңестер берді.
Бір күндік тағылымдаманы тірек мектебінің ата-аналары мен оқушыларына «Кәсіптік бағдар беру» тақырыбында NIS директорының орынбасары Манашева В.К. өткізген кездесу аяқтады.
Кездесу барысында Венера Каирдинқызы оқушыларды Зияткерлік мектепте конкурстық іріктеуге қатысуға құжаттар қабылданып жатқанын айта кетіп білімдерін сынауға шақырды.
NIS ұйымдастырған стажировка тірек мектеп мұғалімдері үшін үлкен тәжірибе алмастырып, педагогикалық әдістер мен тәсілдерді жақсартуға мүмкіндік берді. Мұғалімдер зерттеу арқылы даму, панельдік сессиялар, семинарлар және тәжірибелік шеберлік сағаттар жаңа білім мен дағдыларды игеруге, оқыту әдістерін жетілдіруге ықпал ететінін айтып кері байланыс берді.