Жаңалықтар
Ақтаудағы NIS-та «Қош келдің, Әз-Наурыз!» мерекесі бауырлас халықтарды тоғыстырды
20 наурыз 2025 15:25
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Наурыз мейрамы ерекше мазмұнға ие болып, түркі халықтарының ортақ дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын дәріптеген тағылымды шараға айналды.
Мерекелік жиынға Әзірбайжан Республикасының Ақтаудағы консулы Сулейманлы Айхан Фирудин оглы, Түркия Республикасының Ақтаудағы консулы Sabir Alptekin, сондай-ақ мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Сафаров Замин Джафароглы арнайы қатысты. Құрметті қонақтар мектеп ұжымымен бірге Наурызды тойлап, бауырлас елдердің рухани байланысын нығайтуға өз үлестерін қосты.
Шара аясында мектеп қабырғасында Әзірбайжан бұрышы ашылып, оқушыларға бауырлас елдің тарихы мен мәдениеті кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, мектеп алаңында кітап оқуды дәріптеуге арналған «Little Free Library» шағын кітапханасы ашылып, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған игі бастама іске қосылды.
Мектеп ұжымы қонақтармен сый-сияпат алмасып, бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс білдірді.