Жаңалықтар
Ақтаудағы NIS оқушылары «Гауһартас» қойылымымен жүрекке жол тапты
18 сәуір 2025 15:02
Жарты ғасыр бұрын көрермен жүрегін баураған «Гауһартас» фильмінің сырлы сазы мен нәзік үні Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің сахнасында қайта жаңғырып, шырқалды.
«Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын –
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай…»
Ақтаулық жас өнерпаздар – NIS оқушыларынан құралған @tteatrall театр клубы көрнекті қаламгер Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық-трагикомедиясын сахналап, көрерменге терең эмоция, шынайы сезім мен ізгі ниет сыйлады.
Біз тамашалаған қойылымда актерлер мен режиссерлердің шығармашылық ізденістері, сахнадағы шынайылық пен өнерге деген сүйіспеншілігі жүрекке жылы тиді. Жастар нағыз театр мәдениетінің жарқын үлгісін көрсете білді.