Жаңалықтар
Ақтауда Батыс аймақтық Жастар Климаттық Диалогтарының I форумы өтті
29 сәуір 2025 15:02
26-27 сәуір күндері Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Климат, су және қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында Батыс аймақтық Жастар Климаттық Диалогтарының I форумы өтті. Бұл шара еліміздің батыс өңірлерін — Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қамтыды.
Форумды Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Фридрих Эберт Қорының Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен, United Central Asia Professionals, Global Water Partnership және ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша Аймақтық экологиялық кеңесімен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Шараның ашылу салтанатында Ақтау ХББ НЗМ директоры Ринат Жұмабаев, Фридрих Эберт Қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Александр Вольтер, ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша Аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің зерттеу және даму жөніндегі вице-президенті Асқар Сейдалиев құттықтау сөз сөйлеп, жастарды белсенді экологиялық бастамаларға шақырды.
Форум модераторы — Ақтау НЗМ Эко-координаторы, ECOJER қауымдастығының мүшесі Бақытгүл Жақсылықова:
“Форумға 120-дан астам қатысушының жиналуы — жастардың экологияға деген жауапкершілігінің артып келе жатқандығының айқын дәлелі. Каспий итбалықтарының сиреуі, су тапшылығы сияқты өзекті мәселелерді бірге көтеріп, нақты шешімдерді талқылау — форумның басты жетістігі болды,” — деп ерекше атап өтті.