24 қазан 2025 10:25
Республика күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобын өткізді.
Шараның басты мақсаты - оқушыларды ұлттық өнер мен рухани құндылықтарға баулу, домбыра арқылы елдік бірлікті және Тәуелсіз Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптеу.
Мерекелік флешмоб барысында мектептің «Қос перне» домбырашылар ансамблі Абайдың «Көзімнің қарасы», халық күйлері «Жастар биі», «Ер Тұран» шығармаларын орындап, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
-Домбыра тартуды Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-сыныпқа түскен сәттен бастап үйрендім. Оркестр құрамына қосылған оқушылар 15-20 күйді үйреніп шығады. Біз үшін «Ұлы дала мұрагерлері» - тәрбие жұмысындағы өзекті жобаларының бірі «100 күй» бойынша шығармашылық есеп, - деді «Қос перне» домбырашылар ансамблінің президенті Думан Джембай.
Айта кетейік, бұл жоба - Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде жыл сайын дәстүрге айналған республикалық бастама.