Жаңалықтар
IV ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ: ӘКЕ МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМ
23 ақпан 2026 10:36
NIS Aktau қабырғасында дәстүрлі Әкелер форумы өтті. Төртінші рет ұйымдастырылған шараның тақырыбы - «Әке мен бала арасындағы сенім».
Іс-шараға келген әкелер алдымен NIS жүйесіндегі «100 кітап», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «100 ән», «Қазақтың 100 күйі» жобаларымен жақын танысты. Кейін әкелер қауымы әке мен бала арасындағы сенімді орнату, баламен эмоционалды қарым-қатынас құру мәселелерін талқылап кеш қонақтарының пікірлерін тыңдады.
Кездесуде мектеп басшысы Ринат Жұмабаев қатысушыларға ата-ана мен бала арасындағы берік қарым-қатынас бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, мектеп өміріне жиі араласуды ұсынды.
Форумға арнайы шақырылған Маңғыстау облыстық білім басқармасы жанындағы Ата-аналар кеңесінің басшысы Аллаберген Қонарбаев әкелердің бала өміріне етене араласу маңыздылығын атап өтіп, облыс бойынша атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Оның айтуынша, әке мен бала арасындағы сенім бірге көп уақыт өткізуден басталады.
Ал кеш қонақтары ардагер ұстаз, Оразбай Хамитұлы баламен қарым-қатынас құрудағы басты принцптерімен, отбасы құндылықтарын насихаттаушы Өсер Өтеген баласының өзі туралы ойын білу маңыздылығымен, ал зияткерлік мектептің 2020 жылғы түлегі жас әке Райымек Ақкөлұлы әкесінің үлгісі мен өзі ұстануға тырысатын бағыттарымен бөлісті.
Кездесу соңы қазақ тілі пәні мұғалімдері Айгүл Айтан, Ару Жұмабергенқызы, тарих пәні мұғалімі Марзия Жеткізгенқызының өткізген сессиялық кезеңдерімен жалғасты. Кеш соңында әкелер футбол, фоллейбол, шахматтан бақтарын сынап сергіп қайтты. Сонымен қатар, балалары байқаулар мен әртүрлі сайыстарда жоғары нәтиже көрсеткен әкелерге алғыс хат табысталды.
Айта кету керек, NIS қабырғасында дәстүрлі өткізілетін әкелер форумы мектеп өміріне өзгеріс әкелуге ықпал ететін маңызды шаралардың бірі. Өткен жылғы форум хаттамасына сәйкес, әкелер ұсынысымен ұялы телефонның мектеп уақытында қажеттілігі зерттеліп биылғы оқу жылынан бастап мектеп қабырғасында оқушылар ұялы телефоннан бас тартқан болатын.