Жаңалықтар
NIS Aktau ұстаздарының мақаласы SCOPUS журналына енді
14 сәуір 2026 15:03
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі Гүлжан Нүсіпжанова мен химия пәні мұғалімі, доктор Мохаммед Элбь-Шихтің «Дамушы елдердегі мектептің жоғары сыныптарындағы STEM білімінде жасанды интеллект алшақтығын азайту арқылы теңдік пен инновацияны дамыту» тақырыбындағы ғылыми мақаласы Scopus халықаралық индекстелген журналына енді.
Ғылыми мақаланың басты ерекшелігінің бірі - тақырыпты зерттеуге құралған команданың мүшелерінде. Зияткерлік мектептің мұғалімдерінен бөлек зерттеу мақаласын жазуға Yessenov University ұстазы Айгүл Балғалиева, Эльвира Сағындықова және АҚШ мұғалімі Уиллиям Олайфа, Эммануель Инегбедон атсалысқан.
Бұл ғылыми мақалада дамушы елдердегі (әсіресе Африка мен Азия мемлекеттеріндегі) жоғары сынып оқушыларына арналған STEM білім беру жүйесіне жасанды интеллектті (AI) енгізудің маңыздылығы қарастырылады. Авторлар қазіргі таңда дамыған елдер мен дамушы елдер арасында ЖИ технологияларын білімде қолдану бойынша үлкен айырмашылық бар екенін атап өтеді. Дамыған мемлекеттерде ЖИ оқу бағдарламасына енгізіліп, виртуалды зертханалар, интеллектуалды оқыту платформалары және жеке оқыту жүйелері кеңінен қолданылып жатыр. Мақалада AI-дың STEM пәндерін, әсіресе биология және химияны оқытудағы мүмкіндіктері ерекше көрсетілген. Мысалы, виртуалды зертханалар арқылы тәжірибелік жұмыстарды цифрлық түрде орындау, ЖИ негізіндегі жеке оқыту жүйелері арқылы әр оқушының деңгейіне сай білім беру, ғылыми деректерді талдау және зерттеу дағдыларын дамыту, оқу материалдарын жергілікті тілдерге аудару, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға қолжетімділікті арттыру.
- Зерттеу 2025 жылдың басында басталып, ғылыми әдебиеттерге кеңейтілген шолу жүргізуді, халықаралық тәжірибені талдауды, сондай-ақ STEM пәндерін оқыту және білім беруде цифрлық технологияларды пайдалану саласындағы авторлардың өз педагогикалық тәжірибесін жинақтауды қамтыды, - дейді Гүлжан Нүсіпжанова.
Айта кетейік, осыған дейін білім ордасының 2 ұстазының да мақалалары SCOPUS журналының базасына енгізілген болатын.