Жаңалықтар
Ақтаудағы NIS-та Қадыр Мырзалиевтің 90 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті
26 қаңтар 2025 17:15
Өткен жұма күні Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлт мақтанышы Қадыр Мырзалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт өтті.



Мектептің кітапхана ұжымы ұйымдастырған бұл кештің мақсаты – Қадыр Мырзалиевтің бай мұрасын насихаттау, оның шығармалары арқылы жастардың рухани тәрбиесін қалыптастыру болды. Іс-шара барысында оқушылар ақынның жүрекке жылы тиер өлеңдерін оқып, оның шығармалары негізінде дайындалған сахналық қойылымдар көрсетті.



Сонымен қатар, мектептің өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, көрермендерге тамаша әсер сыйлады. Кештің арнайы қонағы ретінде Абай мәдени демалыс кешенінің танымал әншісі әрі композиторы Хамит Серікбайұлы Байқұлов шақырылды. Ол өз өнерімен кештің шырайын кіргізіп, тыңдармандардың ықыласына бөленді. Әншінің орындауындағы Қадыр Мырзалиевтің сөздеріне жазылған шығармалар көрермендерді ерекше тебірентті.