Мектеп туралы
НЗМ Ақтөбе
НЗМ Ақтөбе
2013 жылдың 25 ақпанында Ақтөбедегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі салтанатты түрде ашылды. Мектеп 900 орынға арналған. Заманауи зертханалармен, спорт залдарымен, кітапханамен және жатақханамен жабдықталған.
Оқушылардың дамуына жағдай туғызу үшін коворкинг аймақтары, робототехника, инженерия, өнер және хореография зертханалары жасақталған. QMovie, TEDx, NIS Media жобалары және қазақша Уикипедия жұмысы жүзеге асырылып келеді. Мектеп жоғары академиялық стандарттарымен және қатаң конкурстық іріктеуімен танымал.
«Өркен» грантын жеңіп алған оқушылар Кембридж университетінің емтихандарын сәтті тапсырады, сөйтіп әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады.
Мектепте ғылыми зерттеулер мен олимпиадаларға ерекше назар аударылады. Оқушылар физика, география, астрономия және робототехникадан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Intel ISEF, IGeO және IPhO олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып келеді. Мұғалімдер де, оқушылар да өздерінің авторлық еңбектерін меншіктік құқық сертификаттарымен заңдастырып отырады.
Білім беру үдерісі «NIS-Programme» бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Бағдарлама оқушылардың сыни ойлауы мен зерттеу дағдыларын, функционалдық, цифрлық, экологиялық сауаттылықтарын дамытады және үштілді оқытуды көздейді. Бұл негізгі құзыреттіліктер арқылы оқушылар халықаралық университеттерде оқуға дайындалады.