Жаңалықтар
«Шеберлік пен шымырлық - ерік пен еңбектің нәтижесі» атты шеберлік сағаты
19 наурыз 2025 15:08
Ұлттық мерекеміз Наурыз қарсаңында мектебімізде «Шеберлік пен шымырлық - ерік пен еңбектің нәтижесі» тақырыбы аясында ұйымдастырылған шеберлік сағаты өтті.
Аталған шараның жетекшілері- мектебіміздің педагог-кураторлары Самал Талғатқызы және Гүлнұр Қайыржанқызы.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды қазақ халқының дәстүрлі өнерімен таныстыру және атбегілік, аңшылық салаларындағы шеберлікті ұрпаққа дәріптеу.
Шеберлік сағатын Әкелер клубының белсенді мүшесі Жарылқапов Жанкелді Кудайбергенович өткізді. Жанкелді Кудайбергенович – мұнайшы мамандығын игерген, қазіргі уақытта мұнай-газ саласында жұмыс істейтін тәжірибелі маман.
Алайда, оның туған жері мен өскен ортасы атбегілік пен қазақтың дәстүрлі аңшылық өнеріне деген ерекше қызығушылықты қалыптастырған.
Осы салада көптеген жылдар бойы жұмыс істей отырып, ол аттың күтімі, қамы мен әбзелдерін жасау, аңшылық өнердің қыр-сырын терең меңгерген.
Шеберлік сағатының тақырыбы мен мазмұны 9-10 сынып оқушыларына үлкен тәрбиелік мән берді.
Жанкелді Кудайбергенович оқушыларға ат-әбзелдерімен таныстырып қана қоймай, олардың қалай дайындалатынын, әрбір бөлігінің қызметін, және олардың күнделікті өмірде, аңшылықта қандай рөл атқаратынын түсіндірді. Әсіресе, атбегілік және аңшылық дәстүрінің маңызы туралы әңгімелер оқушылардың қызығушылығын оятып, ұлттық мұрамыздың тереңдігін танытты.
Шеберлік сағаты барысында оқушыларға ат әбзелдері мен жабдықтары туралы нақты мысалдар көрсетіліп, олардың әрқайсысының қолданылу мақсаты түсіндірілді.
Бұл сабақ оқушыларға тек тарихи және мәдени білім ғана емес, сондай-ақ еңбекқорлық, шеберлік және ерік-жігердің маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді.
Әкелер клубы мен Жанкелді Жарылқаповқа осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз.