logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Математика пәні мұғалімі Бақыт Әлжанова ұлттық конференцияға қатысты

28 сәуір 2025 10:21

23–25 сәуір аралығында Алматы қаласында Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған Ұлттық конференция өтті.

Конференцияға Ақтөбедегі ФМБ НЗМ математика пәні мұғалімі Әлжанова Бақыт Қонысбайқызы қатысып, «Оқушының пәндік білімді меңгеруде өзін-өзі реттеу дағдысына қалыптастырушы бағалаудың әсері» тақырыбындағы зерттеу жұмысын таныстырды.

Зерттеу қазақ тілі, математика, география пәндері бойынша жүргізіліп, оқушылардың өзін-өзі реттеу қабілетін қалыптастыруға бағытталды.

Ұлттық конференция аясында 12 елдің білім сарапшылары бас қосты, WALS президенті Stephane Clivas және Peter Dudley (Ұлыбритания) сынды халықаралық спикерлер сөз сөйледі.

Конференция аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылар баяндамасы, симпозиумдар, секция отырыстары, шебер сабақтар, панельдік пікірталас, постер көрмесі және мектепте сабақты бақылау арқылы зерттеуге қатысу қарастырылды.

Айта кетсек, облысымыздың тірек мектептері арасынан Шалқар қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебіне Lesson Study зерттеуі бойынша Бақыт Қонысбайқызы менторлық жасаған болатын. Яғни, осы тірек мектептің информатика пәнінің мұғалімі Елдизирова Зәмзагүл Жарылқасынқызы «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы және бастауыш сынып мұғалімі Сарина Галия Асылбековна «Оқушылардың сыни ойлау қабілеттері арқылы тілдік дағдыларды дамыту» тақырыбындағы зерттеулері нәтижелерімен конференция аясында бөлісті.

«Мектептегі оқу мен оқытуды зерттеу деңгейі, мұғалімдердің ізденісі, зерттеу дағдылары жоғары екені байқалды. Болашақта тірек мектептерінің мұғалімдерімен бірлесе зерттеу жүргізіп, білім сапасының артуына ықпал етеміз деген сенімдемін»-, деген ойымен Бақыт Қонысбайқызы бөліскен болатын.