logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Мектеппен қоштасқан ерекше күн

30 мамыр 2025 15:18

Мектеппен қоштасу – әрбір түлек үшін жүрек толқытатын, есте қаларлық ерекше белес. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен биылғы соңғы қоңырау салтанаты да 2024-2025 оқу жылының қорытындысын айшықтап, 152 түлекке үлкен өмірдің есігін ашты. Олардың ішінде 8 түлек – «Үздік аттестат» иегері атанды.

Салтанатты шара барысында мектеп директоры Қайырбек Буксукбаев өткен оқу жылының жетістіктерін атап өтіп, үздік оқушыларды, белсенді сыныптарды және мектеп өміріне үлес қосқан 12-сынып оқушыларын арнайы марапаттады. «Үздік оқушы» және «Үздік шаңырақ» атағына ие болғандар да ерекше құрметке ие болды.

Биыл халқымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын кең көлемде атап өтуде. Осыған орай, мектеп қабырғасында өткен шарада ұлы ақынның өлеңі оқылып, рухани мұрасы насихатталды.

Сондай-ақ, осыдан 10 жыл бұрын NIS Ақтөбені бітірген алғашқы түлектер кеш қонағы ретінде қатысып, өз естеліктерімен және жүрекжарды тілектерімен бөлісті.

Кештің шарықтау шегіне айналған «Соңғы вальс» – мектеппен ғана емес, балалықпен қоштасу сәтін бейнеледі. Сыңғырлаған соңғы қоңырау үні түлектердің жүрегінде сағыныш пен үмітке толы естелік болып жаңғырып қала бермек.