Жаңалықтар
"Медициналық диагностиканың физикалық әдістері" элективті курс аяқталды
05 маусым 2025 10:25
Оқу жылы бойы 11-сынып оқушылары заманауи медициналық диагностиканың әдістеріне арналған элективті курсқа қатысты. Оқушылар УДЗ, рентген, МРТ, ПЭТ және ЭКГ сияқты технологиялардың негізінде жатқан физикалық принциптерді зерттеді, сәулеленудің тіндермен әрекеттесуін, ядролық физиканың негізгі заңдылықтарын меңгерді және теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануды үйренді.
Стажировка «Айгерім» клиникасында өтті, онда оқушылар диагностикалық жабдықтармен және медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Клиника қызметкерлері біздің оқушылардың білім деңгейін ерекше атап өтті және олардың жоғары қызығушылығына риза болды.
«Айта кету керек, олар өте ынталы, мақсатшыл, көп сұрақтар қойды, біз барынша жауап беруге тырыстық. Жоспарлы түрде балалар диагностикалық кабинеттерді аралап, диагностика қалай жүргізілетінін және пациенттермен қалай жұмыс жасалатынын көрді. Бұл тәжірибе олардың болашақта медициналық бағытты таңдауына алғашқы әсер қалдырады деп ойлаймын», – деді «Айгерім» клиникасының Шернияз көшесіндегі филиалының бас дәрігері Раушан Шунгулова.
Бұл курс оқушылар үшін медицина, физика, химия және биология салаларын тоғыстырған нағыз пәнаралық сапар болды. Олар сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жүргізу және талдау жасау қабілеттерін дамытты, бұл күрделі диагностикалық процестерді терең түсінуге көмектесті.
Курс соңында барлық қатысушылардың белсенділігі мен алған білімдерін растайтын сертификаттар табысталды.
Оқушыларды курсты сәтті аяқтауымен құттықтаймыз! Оқу мен кәсіби жолында табыстар тілейміз!