Жаңалықтар
«Туған елге тағзым – 2025»: Зерттеу аптасының қорытындысы
16 маусым 2025 09:16
Бір апта бойы Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Туған елге тағзым» атты кең ауқымды өлкетану-зерттеу жобасына қатысушыларды қарсы алды. Биыл Ақтөбе өңіріне Астана, Тараз және Өскемен қалаларындағы НЗМ оқушылары келді.
Жоба қатысушыларға өңірдің тарихын, мәдениеті мен табиғатын тереңірек танып-білуге, зерттеу дағдыларын дамытуға және туған жердің рухын шынайы сезінуге ерекше мүмкіндік берді.
Апта бойы оқушылар:
– Бөкенбай батыр, Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова сияқты тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер мен мемориалдарды аралады;
– Ұлттық рухтың символы саналатын Қобыланды батыр кесенесіне барды;
– Өңірдегі ірі өнеркәсіп нысандарының бірі — Ақтөбе рельс-арқалық зауытында болды;
– «Зару» пантоемдеу шипажайында марал мүйізінің емдік қасиеттерімен танысты;
– Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі экспонаттарды тамашалап, өлкенің мәдени мұрасы жайлы білімдерін толықтырды;
– Экспедицияны Ақтөбе планетарийіне саяхатпен және жобаның салтанатты жабылу рәсімімен қорытындылады.
Тарих пен өндірісті көзбен көріп тану, шабыттандыратын экскурсиялар мен әсерлі кездесулер оқушыларға елін жаңа қырынан тануға және болашағын саналы түрде бағамдауға көмектесті.
Жобаның жабылу кешінде қатысушылар шығармашылық нөмірлер ұсынып, «Quiz Uı» атты зияткерлік ойынға қатысты:
I орын — НЗМ Астана
II орын — НЗМ Тараз
III орын — НЗМ Өскемен
Барша қатысушыларға белсенділіктері, шынайы қызығушылықтары мен Қазақстанның мәдени мұрасына деген құрметтері үшін алғыс айтамыз!
Қонақжайлық пен жылы шырай танытқаны үшін Ақтөбе қаласындағы НЗМ ұжымына ерекше ризашылығымызды білдіреміз!