Жаңалықтар
Мектебіміздің мақтанышы Алихан Калмагамбетов Мемлекет басшысының қабылдауында болды
12 тамыз 2025 10:50
Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мақтанышы, халықаралық білім додаларының жеңімпазы Алихан Калмагамбетов жоғары марапатқа ие болды. Ол Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан марапат алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пәндік олимпиадаларда ел намысын қорғап, жеңіске жеткен зияткерлермен кездесті. Президент оларды білім саласындағы жетістіктерімен құттықтап, Қазақстанның атын әлемге танытуын жоғары бағалады.
Медаль иегерлерінің қатарында Ақтөбе қаласындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы, жуырда Еуропалық география олимпиадасында (EGEO-2025) қола жүлдегер атанып, кейін Халықаралық география олимпиадасында (International Geography Olympiad – IGeO) күміс медаль иегері болған Алихан Калмагамбетов те бар. Оның еңбексүйгіштігі, табандылығы мен мақсаткерлігі лайықты марапатқа жеткізді. Бұл жетістіктер – оның білім мен ғылым жолындағы қажырлы еңбегінің, ұстаздарының кәсіби шеберлігінің және ата-анасының шексіз қолдауының жемісі.
Бұл кездесу – елімізде дарынды жастарды қолдауға ерекше мән берілетінін тағы бір мәрте дәлелдеп, жасөспірімдерге білімге ұмтылуға, жаңа белестерді бағындыруға және өз күшіне сенуге қуатты серпін берді.
Ақтөбедегі НЗМ Алиханға үлкен мақсаттарға апарар жолда жаңа жеңістер, шабыт пен жарқын табыстар тілейміз!
