Жаңалықтар
NIS Aktobe-де алғашқы қоңырау- жаңа жетістіктердің бастауы
02 қыркүйек 2025 09:12
Бүгін Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды!
Биыл зияткерлер қатары «Өркен» грантының иегері атанған 120 оқушымен толықты.
Салтанатты жиын ерекше мәнге ие болды, себебі ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналды.
Оқушыларға, ата-аналарға және ұстаздарға мектеп директоры Қайырбек Буксукбаев жылы лебізін білдіріп, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде маңызды жаңалықты атап өтті:
«Осы оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық филиалдарында мектеп аумағында смарт құрылғыларды алып жүруге және пайдалануға тыйым салынады. Бұл шара, зерттеулерге сәйкес, балалардың психо-эмоциялық жағдайын қолдауға бағытталған».
Сонымен қатар құттықтау сөзін Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Айтжанов Асхат Абдрахманұлы арнап, оқушыларға сәттілік пен жаңа табыстар тіледі.
Дәстүр бойынша алғашқы қоңырау құқығы іріктеу емтиханынан ең жоғары балл жинаған 7-сынып оқушылары — Рахман Серік пен Медина Данайбековаға берілді.
Жаңа оқу жылы тың ізденістер мен үлкен жетістіктерге толы болсын!