logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

NIS Aktobe ұстаздары ECER 2025 конфренциясына қатысуда

11 қыркүйек 2025 10:47

2025 жылы 8–12 қыркүйек аралығында Сербия астанасы Белград қаласында білім беру саласындағы ең ірі еуропалық ғылыми шаралардың бірі — ECER 2025 (European Conference on Educational Research) өтті. Бұл конференцияны EERA (European Educational Research Association — Еуропалық білім беру зерттеулері қауымдастығы жыл сайын ұйымдастырады.

Биылғы конференцияның тақырыбы:

"Charting the Way Forward: Education, Research, Potentials and Perspectives" ("Болашаққа жол салу: білім, зерттеу, әлеует және көзқарастар").

ECER 2025 конференциясының басты мақсаты — білім беру саласындағы заманауи зерттеулерді талқылау, ғалымдар, саясаткерлер, мұғалімдер мен білім беру практиктері арасында тәжірибе алмасу алаңын құру. Конференция барысында келесі бағыттар бойынша өзекті мәселелер қарастырылды:

Білім беру жүйесінің болашағы және жаһандық өзгерістерге бейімделу жолдары;

Цифрландыру, инклюзивті білім беру, креативті педагогика;

Ғылым мен саясаттың байланысы, білімдегі теңсіздік мәселелері;

Мұғалім даярлау, кәсіби даму және білім берудегі көшбасшылық.

Конференция екі негізгі бөлімнен тұрды:

Emerging Researchers’ Conference – 8–9 қыркүйекте жас зерттеушілерге арналған бөлек конференция өткізілді. Онда магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдар өз жобаларын ұсынды.

Негізгі ECER конференциясы – 9–12 қыркүйек күндері негізгі баяндамалар, панельдік сессиялар, постерлік көрсетілімдер мен воркшоптар өтті.

Конференцияда халықаралық деңгейдегі беделді зерттеушілер сөз сөйледі, олардың қатарында:

Aleksandar Baucal (Белград университеті), Karin Doolan (Хорватия), Tünde Kovács Cerović (Сербия), Ben Williamson (Ұлыбритания), Gabi Lombardo, Pavel Zgaga және т.б.

Конференция 30-дан астам зерттеу желілері бойынша ұйымдастырылды. Әр желі нақты бір тақырыпқа маманданған. Мысалы: Цифрлық білім және медиа сауаттылық; Гендер және білімдегі теңдік; Инклюзивті және арнайы білім беру; Мұғалімдерді кәсіби дамыту; Білім саясаты және басқару; Білім беру философиясы мен тарихы.

Сонымен қатар әр желі өздерінің “Special Call” – арнайы тақырыптық шақыруларын жариялап, зерттеушілерді өзекті мәселелер бойынша жұмыс ұсынуға шақырды.

Конференция кезінде қатысушыларға арналған мәдени және әлеуметтік бағдарламалар ұйымдастырылды:

Welcome Reception – Белградтағы тарихи студенттер паркінде қарсы алу кеші өтті;

ECER Social Event – Jevremovac Ботаникалық бағында өткізілген кешкі кездесу – қатысушылар үшін бейресми қарым-қатынас орны болды.

ECER 2025 — білім саласындағы зерттеулерді халықаралық деңгейде таныстыруға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға, сондай-ақ заманауи білім беру трендтерін талқылауға үлкен мүмкіндік беретін алаң. Бұл конференцияның Белградта өтуі — Шығыс Еуропа елдерінің ғылыми қауымдастығы үшін де үлкен мәртебе болды. Қазақстандық зерттеушілер үшін де бұл конференция — өз идеяларын әлемдік деңгейде ұсынуға таптырмас мүмкіндік болды.

Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінен жыл сайын бұл конференцияға ұстаздар үзбей қатысып, білім беру саласындағы түрлі тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынады. Мен де биыл білім беру жүйесінде мұғалім жұмысының тиімділігін арттыру мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту аясында зерттеу жұмысымды ұсынып, қорғап шықтым. Зерттеу жұмысы Eduaide.ai атты жасанды интеллектке негізделген нейрожүйесі арқылы оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау (Higher Order Thinking Skills), логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, нәтижені бағалауға басымдық береді. Сонымен қатар әлем елдерінен келген зерттеушілердің жұмыстарымен танысып, қажетті ақпараттар алып, тәжірибемен алмасу үстіндеміз.

Қазақ тілі мұғалімі Алтынай Демисанова