logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Ақтөбе NIS ұстаздарының жобасы Еуропадағы Science on Stage фестиваліне жолдама алды

24 қыркүйек 2025 10:13

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдерінің жобасы Science on Stage Kazakhstan ұлттық кезеңінде үздік жобалардың бірі деп танылып, Қазақстан атынан Латвияда өтетін Science on Stage Europe халықаралық фестиваліне жолдама алды.

Мұғалімдер Бауыржан Шоканов пен Лаура Мандибаева «Meteo Go» – ерте ескерту метеостанциясы жобасын таныстырды. Бұл жоба мектепте қолжетімді әрі мобильді метеостанция құруға бағытталған, ол ауа райы жағдайларын бақылап, кейінгі талдау жасауға мүмкіндік береді. Метеостанция румбометрмен, анемометрмен, термометрмен, гигрометрмен және барометрмен жабдықталған. Бұл датчиктерден келіп түсетін барлық мәліметтер ESP32 контроллері арқылы өңделіп, веб-серверде көрсетіледі. Оқушылар деректерді бақылап қана қоймай, арнайы жасалған электронды бақылау парағына жазып, өзгерістер графигін және жел раушанын құрастыра алады.

Ұлттық кезең қорытындысы бойынша «Meteo Go» жобасы халықаралық деңгейде Қазақстанды таныстыру құқығына ие болды. Жақын арада Латвиядағы фестивальде ақтөбелік педагогтар Еуропаның үздік ұстаздарымен қатар тұрып, тәжірибе алмасып, тың идеяларын әлемдік білім кеңістігіне ұсынбақ.

Айта кетейік, Science on Stage Europe – бұл бүкіл әлем мұғалімдері үшін ұйымдастырылатын халықаралық фестиваль. Онда ұстаздар жаратылыстану ғылымдарын оқытудағы үздік тәжірибелерімен бөліседі. Фестиваль мұғалімдерге өз таланттарын көрсетуге, балаларға сабақтарды қызықты да тартымды етудің жаңа идеяларымен алмасуға мүмкіндік береді.