Жаңалықтар
NIS Ақтөбе оқушылары – Digital Bridge 2025 жеңімпаздары қатарында
06 қазан 2025 14:46
Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «G» сынып оқушылары Анастасия Урманцева мен Дана Қазиева өздерінің BaiterekGuide стартап-жобасын Астанада өткен халықаралық Digital Bridge 2025 форумында таныстырып, Meta Llama Accelerator grand winners атағын иеленді.
BaiterekGuide – бұл оқу жобасы емес, AI және AR технологиялары саласындағы толыққанды стартап. Жоба AI Enjoyers командасымен, сондай-ақ астаналық қатысушылармен бірлесе әзірленген.
Стартап Қазақстан астанасы бойынша туристерге арналған жасанды интеллект негізіндегі гид пен AR-квест түрінде ұсынылған. Жоба Llama 3 (диалогтық AI) және Llama 2 Vision (суреттерді тану) модельдері базасында жұмыс істейді.
BaiterekGuide мүмкіндіктері:
Астананың көрікті жерлері туралы сұрақтарға жауап беретін виртуалды гид және AI-аватар;
Мұражайлар, саябақтар мен кафелерге бағыттар мен ұсыныстар;
Фото тану жүйесі бар AR-квест, автоматты түрде чекпоинттерді тіркеу, монеталар мен жетістіктер жинау мүмкіндігі.
Анастасия жобада ML-инженер ретінде, ал Дана AR-маман ретінде жұмыс атқарды. Форум барысында оқушылар өз жобаларын ағылшын тілінде Astana Innovations, Meta және AWS өкілдерінің алдында қорғады.
Алдағы уақытта жоба Astana Innovations компаниясымен бірлесіп, туристерге арналған нақты қолданысқа енгізілмек.
Бұл жарқын жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз! Технология мен инновациялар әлемінде жаңа табыстар тілейміз!
