Жаңалықтар
NIS Aktobe түлегі "Шапағат" медалінің иегері атанды
07 қазан 2025 14:49
Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Рустам Валеев «Шапағат» медалімен марапатталды.
Марапатты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Ұстаздар күніне орай Республика сарайында табыстады.
Рустам 2015–2021 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы НЗМ-де білім алып, оқу кезеңінде беделді халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанды:
🥉 Халықаралық жер туралы ғылымдар олимпиадасы (IESO) – қола (2019);
🥈 Еуропалық география олимпиадасы (EGeO) – күміс (2019, 2020, 2021);
🥇 Халықаралық география олимпиадасы (IGeO) – алтын (2021).
Мектепті тәмамдағаннан кейін Рустам география пәні бойынша олимпиадалық дайындық бағытында еңбек етуді жалғастырды.
2021–2024 жылдары ол Ақтөбе қаласындағы НЗМ мен Павлодар қаласындағы НЗМ-де сыртқы жаттықтырушы ретінде қызмет атқарып, көптеген республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындады.
2022 жылдан бері Рустам — Қазақстан құрамасының география пәні бойынша жаттықтырушысы, сондай-ақ республикалық олимпиада тапсырмаларының құрастырушысы.
Оның жетекшілігімен ұлттық құрама 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль иеленіп, IGeO 2025 халықаралық олимпиадасында жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды — бұл Қазақстан тарихындағы ең жоғары нәтиже!
Қазіргі таңда Рустам Сатпаев атындағы ҚазҰТЗУ университетінің 3-курс студенті, мамандығы — «Қолданбалы геология».
Біз мектебіміздің түлегі Рустамның жетістіктерін, ел білім жүйесіне қосқан үлесін және жас буынға үлгі боларлық еңбегін мақтан тұтамыз!