logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

NIS Ақтөбе оқушылары NASA Space Apps Challenge 2025 жүлделі орындарды иеленді

03 қараша 2025 12:34

Назарбаев Зияткерлік мектебі Ақтөбе қаласының оқушылары 2025 жылғы 4–5 қазанда American Corner Aktobe алаңында өткен NASA Space Apps Challenge 2025 аймақтық хакатонында тамаша нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды!

1- орын – 11 «В» сынып оқушысы Дильназ Нұрумбаева қатысқан командаға бұйырды

Команда Марс орбитасындағы 150 000 адамға арналған ғарыш станциясы жобасын қорғады.

Жобаның мақсаты – адамзаттың Жерден тыс өмір сүру мүмкіндігін көрсету. Қатысушылар станция жүйелеріне арналған веб-сайт, VR-орта, математикалық есептеулер және демалыс аймақтары мен тағам өндіретін плантациялардың дизайнын әзірледі.

Дильназ Sirenix командасының құрамында өнер көрсетті (БИЛ-ден екі, AIS-тен бір оқушымен бірге).
Хакатонға 12 үздік команда, жалпы 50-ден астам қатысушы қатысты.

«Басында қатты толқыдық, бірақ нәтижесін естіген сәтте қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді. Біз жобаны әрі қарай дамытып, VR мен сайтқа қосымша функциялар енгізіп, халықаралық деңгейде ұсынуды жоспарлап отырмыз», — дейді Дильназ.

2-орын – 12 «H» сынып оқушысы Әдемі Ришад қатысқан Talented Creators командасына берілді.

Команданың “Will it rain on my party?” атты жобасы — пайдаланушыларға ауа райына сай киім таңдауға көмектесетін сайт.

Жоба идеясы күнделікті өмірден туындаған: күзде ауа райы жиі құбылып, адамдар суық тиіп ауырып жатады. Ал бұл сайт сыртқа шығар алдында не кию керектігін оңай таңдауға мүмкіндік береді.

Командада 6 қатысушы болды, және олар өз идеяларын сәтті жүзеге асырып, қазылар алқасын ерекше шешімдерімен таңғалдырды.

«Басында мүлде жүлделі орын аламыз деп ойлаған жоқпыз, себебі басқа жобалар біздікінен ауқымдырақ көрінді. Бірақ дәл біз 2-орынды алдық дегенде, қатты қуанып кеттік!» — дейді Әдемі.

NIS Ақтөбе оқушылары жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық ойлау қабілетін және технология мен ғылым саласындағы білімін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Біз жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!

Жаңа жетістіктер мен халықаралық деңгейдегі табыстар тілейміз!