Жаңалықтар
Тәртіп – табыс кепілі
27 ақпан 2025 15:31
НЗМ оқушыларына «Ақтөбе» ерлер волейбол командасының капитаны Айбат Неталинмен кездесудің сәті түсті. Кездесуді ұйымдастыруға 11-сынып оқушысы Абылайхан Мендіханның әкесі Бердіхан Әділханов белсенді атсалысты.
Кездесу барысында Айбат Неталин кәсіби спорттағы тәжірибесімен бөлісті. Ол волейболға мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қызығып, бұл хоббиін кейін мамандығына айналдырды. Бүгінде Айбат – Қазақстан Республикасы Кубогының «Үздік ойыншысы» атағының иегері. Спортшы осындай жетістікке жетуіне төзімділік, тәртіп және табандылық көмектескенін атап өтті. Ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген қанатты сөзін бірнеше рет тілге тиек етіп, оқушылардың назарын өзін-өзі тәртіпке келтіруге аударды. Сондай-ақ, ол жетістікке жету жолындағы қиындықтар мен жеңістері туралы баяндап, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Спортшыға арнап мектептің волейбол командасының ойыншылары түрлі тапсырмалар дайындап, онымен сайысқа түсті. Айта кетерлігі, сайыс барысында Айбат Неталин кәсіби волейболшылардың бірнеше айла-тәсілімен бөлісті.
Кездесу жылы әрі шабытқа толы атмосферада өтті. Мұндай шаралар оқушыларға үлкен мотивация мен күш-жігер береді. Айбат Неталин ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтып, НЗМ оқушыларына мақсаттарына жетуде табандылық танытуға, салауатты өмір салтын ұстануға және әрдайым өздеріне сенуге тілектестік білдірді!