logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Жас зерттеушілер авторлық құқық алды!

27 мамыр 2025 13:26

Мектебіміздің оқушылары Асылжан Сайлау мен Семён Чистяков заманауи ғылымның өзекті әрі күрделі бағыттарының бірі бойынша маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Олар өз зерттеулерінің аясында фотобиореакторды қолдану арқылы балдырларды өсіруге арналған инновациялық технология негізінде жіп тәрізді балдырлар мен кәдімгі аспа саңырауқұлағы мицелийінен экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді биоқаптама жасап шығарды.

Жобаның мақсаты – пластиктің орнына қолдануға болатын биологиялық ыдырайтын материал әзірлеу. Бұл материал мицелийдің субстратты колонизациялауы арқылы түзіледі. Мицелий табиғи желім рөлін атқарып, балдырлармен бірге мықты әрі иілгіш құрылым қалыптастырады. Жіп тәрізді балдырлар өздерінің ерекше құрылымының арқасында материалға қосымша беріктік пен тұрақтылық береді.

Балдырларды тиімді өсіру үшін пайдаланылатын фотобиореактор жарықтандыруды, температураны және қоректік заттардың концентрациясын бақылау арқылы олардың өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Мұндай тәсіл экологиялық таза материал өндірісін кең көлемде өндіруге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Жас ғалымдар өздерінің жобалары нақты өндірісте қолданыс табатынына және қоршаған ортаның ластануын азайтуға септігін тигізетініне сенімді. Бұл – тұрақты әрі экологиялық тұрғыдан жауапты болашаққа бастар маңызды қадам.

Жоба «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңінде жоғары бағаланып, оқушылар жүлдегер атанды. Зерттеу нәтижелері авторлық құқық туралы мемлекеттік куәлікпен ресми түрде тіркелді.

Оқушылардың ғылыми жетекшілері – биология ғылымдарының кандидаты, доцент (қауымдастырылған профессор) Айнұр Шаймұратқызы Қыдырмолдина мен информатика пәнінің мұғалімі Жанар Шайзадақызы Молдабаеваға кәсіби шеберліктері мен шәкірттерінің ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесімен шын жүректен құттықтаймыз!