logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Ғылыми жетістік: NIS оқушылары пайдалы модельге патент алды

05 маусым 2025 14:58

Астана қаласы ФМБ НЗМ ғалымдары мен шәкірттері зерттеу жұмыстарының нәтижесінде пайдалы модельге патент алды.

Оқу жылын мектебіміздің 12 сынып оқушылары Николь Ермолаева мен Малика Телегенова сәтті аяқтап, бірнеше жылға созылған зерттеу жұмыстары нәтижесінде бактериялық целлюлозаны алу әдісін ойлап тапты. Ұсынылған биологиялық ыдырайтын материал дәстүрлі пластикалық материалдарға экологиялық таза балама ретінде шай саңырауқұлағы (Medusomyces Gisevi) синтездейтін бактериялық целлюлоза ((C6H10O5)n) негізінде дайындалған. Бактериялық целлюлоза патогенді емес Acetobacter aceti өндіретін целлюлоза талшықтарынан түзілген микробтық полисахарид. Бұл материал жоғары физика-химиялық қасиеттерге ие. Олар қоршаған ортаға улы заттардың бөлінуін айтарлықтай азайтып, микроанаэробты жағдайлар жасау және ылғалдануды тиімді сақтау қабілеті арқылы өнімдердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл материалды пайдалану қоршаған ортаның ластануын едәуір азайтып, азық-түлікті сақтау қауіпсіздігін жақсартады.

Шәкірттеріміз Николь мен Малика аталмыш зерттеулері үшін өткен жылы республикалық «Дарын» байқауының желілік кезеңінде алтын медаль иеленсе, халықаралық университеттер мен ғылыми ұйымдардың жас ғалымдарын біріктірген халықаралық жас ғалымдар форумында «Үздік экологиялық жоба» болып танылды. Жас ғалымдар мен олардың ғылыми жетекшілері – жаратылыстану ғылымдарының магистрі Эльмира Ошанқызы Қожахметова мен биология ғылымдарының кандидаты, доцент (қауымдастырылған профессор) Айнұр Шаймұратқызы Қыдырмолдинаға отандық ғылым мен инновацияның дамуына айтарлықтай қосқан үлес үшін алғысымызды білдіреміз!