Жаңалықтар
Сараланған оқыту: Астанада III аймақтық конференция білім беру саласының мамандарын біріктірді
13 маусым 2025 17:11
Бүгін Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде III Өңірлік конференция «Мүмкіндіктер мектебі: сараланған оқыту тәжірибелері» өтті. Конференцияға барлығы 169 қатысушы – педагогтер, зерттеушілер, оқушылар және білім беру ұйымдарының басшылары жиналды. Іс-шара заманауи, тәжірибеге негізделген білім беруді дамытуға мүдделі мамандарды біріктірді.
Конференцияның негізгі мақсаты – мектептерде зерттеу мәдениетін нығайту, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, сондай-ақ сараланған оқыту тәсілдері бойынша тәжірибе, идеялар және озық практикамен алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Қатысушыларды құттықтау сөзбен қарсы алған Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Жанбыржан Бекболатов мектепте зерттеу жұмыстарының маңыздылығын және жаңа педагогикалық тәсілдерге ашықтықты атап өтті.
Конференцияның негізгі баяндамасын Кембридж университетінің құрметті профессоры Коллин Маклафлин мен білім беру саласындағы кеңесші және зерттеуші Кейт Эванс ұсынды. «Мұғалім тәжірибесін зерттеу арқылы жетілдіру» тақырыбындағы мазмұнды баяндама қатысушылардың зор қызығушылығын тудырып, кәсіби пікірталастарға серпін берді.
Конференция аясында 11-сынып оқушыларының зерттеу жобалары ерекше қызығушылық тудырды. Расул Жүнісов мұғалімдермен қарым-қатынастағы қанағаттанушылықтың оқушы мотивациясы мен оқу үлгеріміне әсері туралы зерттеуін ұсынды. Айдана Қонысбаева жоғары сынып оқушыларының академиялық жетістігіне күйзеліс пен мазасыздықтың ықпалын талдады. Ал Айым Сұлтанова оқушылардың оқу стилі пәнге байланысты әртүрлі болатынын зерделей отырып, оқу үдерісінде жекешелендірілген тәсілдің маңыздылығын көрсетті.
Пленарлық отырыстан кейін конференция алты бағыттағы секциялық жұмыстармен жалғасты. Қатысушылар оқытудың инновациялық тәсілдерін, функционалдық сауаттылық пен зерттеу дағдыларын дамыту жолдарын, оқытуды жекешелендіру мүмкіндіктерін және мұғалімдердің кәсіби дамуын талқылады.
Конференция бағдарламасының маңызды бөлігінің бірі – постерлік презентациялар болды. Мұғалімдер өз зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп, бейресми ортада тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Конференцияның қорытынды кезеңінде Ignite-сессия ұйымдастырылып, қысқа әрі әсерлі баяндамалар арқылы әр қатысушы өз идеясы мен тәжірибесін ұсынды. Бұл сессия әріптестерді кәсіби өзгерістерге шабыттандырудың жарқын мысалы болды.
Іс-шараның жабылу рәсімінде ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары Райгүл Қайыркенова қорытынды сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың өсу мен жаңашылдыққа бағытталған кәсіби қауымдастықты қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
III аймақтық конференция «Мүмкіндіктер мектебі» сараланған оқыту саласында кәсіби диалог пен ынтымақтастық алаңы ретінде үлкен табыспен өтті. Конференция барысында ұсынылған идеялар мен бастамалар мектеп практикасында жүзеге асырылып, білім беру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады деген үміттеміз. Іс-шараның қорытындысында конференцияға қатысқан спикерлерге алғыс хаттар табыс етіліп, қатысушылар сертификаттармен марапатталды.