Жаңалықтар
🌱Астана қаласы Нұра ауданындағы ЖМБ Назарбаев Зияткерлік мектебіне Тәжікстан Республикасынан РИПКРО делегациясы келді
10 қыркүйек 2025 16:00
Астана қаласы Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Тәжікстан Республикасының Білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру республикалық институты (РИПКРО) делегациясы келді.
Қонақтарға экскурсиялық бағдарлама ұсынылып, мектеп кітапханасы, химия және физика пәндері бойынша арнайы жабдықталған зертханалар, телестудия, робототехника аймағы, сондай-ақ шығармашылық және спорттық зал таныстырылды. Делегация білім беру үдерісін ұйымдастырудағы жаңашыл тәсілдермен, үйірмелер мен зертханалардың қызметімен және NIS HUB жұмысының бағыттарымен танысты.
Экскурсия барысында мектеп оқушыларының 2024–2025 оқу жылындағы жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, химия, физика, экономика және биология пәндері бойынша халықаралық олимпиадалардағы алтын және күміс жүлделер, Жер туралы ғылымдар жөніндегі халықаралық олимпиададағы (IESO) жеңістер, сондай-ақ халықаралық робототехника олимпиадасының (WRO) әлемдік кезеңіне дайындық барысы айтылды.
Экскурсия соңында делегация мүшелері жылы қабылдау үшін мектеп мектеп әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, білім беру үдерісін ұйымдастырудың жоғары деңгейін, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесінің бәсекеге қабілетті түлектерді қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.