Жаңалықтар
🌱Astana Hub Battle 2025 халықаралық финалындағы жеңіс
03 қазан 2025 20:00
Digital Bridge 2025 халықаралық форумының алаңында Astana Hub Battle технологиялық стартаптардың халықаралық финалы өтті.
Байқауға Қазақстан, АҚШ, Өзбекстан, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және басқа да елдерден ондаған инновациялық жобалар қатысты. Тек 15 стартап қана финалға өтті. Мектебіміздің мақтанышы ~ финалға шыққан жалғыз мектеп командасы болған Астана~Нура НЗМ оқушылары. Олар әлеуметтік маңызы жоғары жоба ~ MindShield мобильді қосымшасы мен білезігін ұсынды. Жоба Паркинсон ауруын ерте диагностикалауға және жасанды интеллектті қолдана отырып, ақылды оңалтуды жүзеге асыруға бағытталған.
Жобаны Фариза Рамазанова таныстырды, ал команда мүшелері: Сағыныш Қазиева, Аружан Серғалиева, Жәнібек Данабек, Еркеназ Оразалы және Ділназ Нұрхамит ғылыми зерттеулер жүргізіп, техникалық әзірлемелерді дайындап, жобаның мазмұнын пысықтап, презентация материалдарын әзірлеп, форумдағы таныстырылымның жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Команданың жетекшісі ~ Қадыр Маратұлы, оқушыларға жобаның идеясын қалыптастырудан бастап питч дайындау және халықаралық сахнада сенімді түрде таныстыруға дейін барлық кезеңдерде қолдау көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша MindShield стартапы Discovery of the Year номинациясында беделді марапатқа ие болды.
Бұл ~ тек біздің оқушылардың тамаша жетістігі ғана емес, сонымен бірге мектеп оқушыларының әлемнің ең мықты стартап командаларымен бәсекеге қабілетті екенін, Қазақстан жастарының білім деңгейі және инновациялық ойлау қабілеттерінің жоғары екенін дәлелдейтін жарқын мысал.