logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

05 қазан 2026 17:26

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұстаздар күні қарсаңында еліміздің үздік педагогтерін марапаттады. Мемлекеттік марапатқа NIS Астана-Нұра мектебінің география пәнінің мұғалімі Нұрғалиева Гүлжан да лайық деп танылды. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Гүлжан Нұрғалиева үшін география – карта мен координаттардан әлдеқайда кең ұғым. Ұстаздың басты ұстанымы – шәкірттің қызығушылығын оятып, білімін ізденіске, ал ізденісін нәтижеге айналдыру.

Көп жылдық кәсіби тәжірибесінде ол бірнеше жыл бойы Кембриджбен аккредиттелген сыртқы жиынтық бағалау емтихандарының бас сарапшысы ретінде еңбек етті. «Климатическая шкатулка» оқу құралының тең авторы атанды.

Ал ұстаз еңбегінің ең айқын көрсеткіші – шәкірттері. Оның оқушылары республикалық география олимпиадаларында алтын және күміс медальдар иеленді. IESO-2025 халықаралық олимпиадасында Қазақстан қоржынына 2 алтын және 1 қола медаль қосты.

Ұстаздың кәсіби еңбегі БҰҰ-ның Алғыс хатымен, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен де атап өтілген. VII және VIII халықаралық геология олимпиадаларын ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің Алғыс хатына ие болды.

Бүгінгі марапат – 38 жылдық еңбектің бір сәттік қорытындысы емес. Бұл – күн сайын шәкіртке білім беріп, оның мүмкіндігіне сенген ұстазға көрсетілген ел құрметі.

NIS Астана-Нұра мектебінің ұжымы Нұрғалиева Гүлжанды жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтайды!

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-