logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Қарттарға құрмет — ұрпаққа өнеге

02 қазан 2026 15:50

Қазақ «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» дейді. Үлкенді сыйлау, ақ батасын алу, өмірден көргенін кейінгіге аманат ету — халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тағылымды дәстүрі.

Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Қоғамға қызмет етемін» жобасы аясында NIS Астана-Нұра мектебінің «Балқаш», «Түркістан» және «Сарыарқа» шаңырақтарының оқушылары Қосшы қаласындағы «Қамқор отбасы» қарттар үйіне арнайы барып, қарияларға құрмет көрсетті.

Қарттар күні қарсаңындағы кездесуде балалар ақсақалдар мен әжелерге ізгі тілектерін жеткізіп, көңілдеріне қуаныш сыйлады. Ата-аналар ақ дастарқан жайып, арнайы сыйлықтар табыстады. Осындай қарапайым сәттердің өзі адамға жылу сыйлап, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекемдей түсетіні анық.

Шай үстінде басталған сырлы әңгіме өмір жолына ұласты. Қариялар өздерінің өнегелі әңгімелері мен ақыл-кеңестерін айтып, жас буынға ақ жол тіледі. Кездесу соңында оқушыларға бата беріп, ізгі тілектерін ақтарған үлкендердің ақ сөзі балалардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Бұл игі істен 12-сынып оқушылары да шет қалған жоқ. Жасөспірімдер қарттар үйінің ауласында сенбілік өткізіп, тазалық пен абаттандыру жұмыстарына қолғабыс етті.

Қартты құрметтеу — өткенді қадірлеу ғана емес, келешекке өнеге көрсету. Ал мейірім мен жанашырлыққа негізделген осындай кездесулер жас ұрпақтың бойына адамгершіліктің ең асыл қасиеттерін сіңірері хақ.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-