Жаңалықтар
«NIS IB ASTANA: 15 жыл шабыт пен білім берудегі өзегріс» халықаралық конференциясы өтті
06 қазан 2025 08:44
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім ордасының 15 жылдығына арналған “NIS IB ASTANA: 15 жыл шабыт пен білім берудегі өзгеріс” атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген 350-ден астам қатысушы – педагогтер, зерттеушілер, сарапшылар мен түлектер жиналды.

Конференцияның ашылу салтанатында мектеп директоры Ахмадиева Құралай Тлеубердіқызы мен
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Жангозин Ануар Канатович сөз сөйлеп,
Зияткерлік мектептердің даму жолы мен алдағы стратегиялық бағыттарын атап өтті.
Пленарлық отырысқа халықаралық сарапшылар –
Киз Аллен (IBSCA академиялық менеджері, Оксфорд университеті),
Франческо Банкини (Еуропалық Әзербайжан мектебінің бас директоры, IB қауымдастығының төрағасы) және
Хелин Тимс (халықаралық педагог, оқу бағдарламаларының сарапшысы) қатысты.
Спикерлер IB көшбасшылығындағы интеллектуалды басқару, заманауи педагогика және білім берудің жаңа модельдері туралы баяндама жасады.

Конференция бағдарламасына мастер-класстар, секциялық отырыстар және постер сессиялары енді.
Педагогтар оқыту сапасын арттыру, оқушылардың агенттігі, инклюзивті білім беру, әл-ауқат мәдениеті, академиялық адалдық пен жасанды интеллектті оқу процесінде қолдану тақырыптарын талқылады.
Кәсіби диалог алаңдары тәжірибе алмасуға, тиімді практикаларды таратуға және IB философиясы мен NIS трансформациялық тәжірибесі аясында білім берудің жаңа шешімдерін ұсынуға бағытталды.

Конференция соңында «Біріншілер бастауы» атты пікірталас өтті, онда мектептің алғашқы ұстаздары мен түлектері
құрылу тарихы, алғашқы қадамдар және IB бағдарламасын енгізу тәжірибесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Кездесу IB Mura оркестрінің «Балбырауын» күйімен аяқталып, дәстүр мен заманауилықтың үйлесімін көрсетті.

Сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Жангозин Ануар Канатович мектептің дамуына үлес қосқан ұстаздарға алғыс хаттар мен марапаттар табыс етті.
Алғашқы күннен бері қызмет етіп келе жатқан бес педагог —
Балнур Сейткадыровна, Арман Иманшарипова, Сауле Рамазановна, Ербол Аманкелдин және Лейла Мурзагалиевна
«IB Назарбаев Зияткерлік мектебінің еңбек сіңірген мұғалімі» медалімен марапатталды.
Мерейтой аясында серіктес ұйымдар да өз сыйлықтарын табыс етті:
– NIS Директорлар кеңесі, Білім беру бағдарламалары орталығы және Педагогикалық өлшеулер орталығы – мектепке заманауи түсті принтер сыйлады;
– «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – музыкалық аспаптар жиынтығын тарту етті;
– Педагогикалық шеберлік орталығы – онлайн-кітапханаға тегін жазылым ұсынды.
Конференцияның басты мақсаты – 15 жылдық тәжірибені қорытындылап, жаңа білім кеңістігінде NIS қауымдастығының кәсіби бірлігін нығайту болды.