Жаңалықтар
NIS Astana оқушылары республикалық агрохакатонда жүлделі орын иеленді
22 мамыр 2026 10:10
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Қалиақбар Баймұқан, Абулхаир Қуаныш және Бекжан Бақыт республикалық «Инновация. Тұрақтылық. Болашақ» агрохакатонында ІІ орын иеленді.
«Ауыл» партиясы мен «Acapedia» компаниясы ұйымдастырған агрохакатон тұрақты даму, жасанды интеллект және автоматтандыру тақырыптарына арналды. Биылғы байқауға еліміздің 20 өңірінен 350-ден астам өтінім түсіп, шамамен 1200 оқушы мен студент қатысты.
Зияткер оқушыларымыз финалда SENTRA.kz жобасын таныстырды — бұл тауар саласына арналған интеллектуалды операциялық жүйе. Жоба бейнеаналитика, қорларды басқару және бәсекелестерді талдау мүмкіндіктерін бір платформада біріктіреді.
Жүйенің негізгі мүмкіндіктері:
* күмәнді әрекеттерді анықтап, ұрлықтың алдын алу;
* 2D/3D цифрлық карта арқылы клиент қозғалысын талдау;
* дүкен ішіндегі белсенді аймақтарды анықтайтын «жылу карталарын» көрсетеді.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, инновациялық жоба ұсынған оқушыларымызды шын жүректен құттықтаймыз!