Жаңалықтар
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау соғылды
25 мамыр 2026 11:08
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты соңғы қоңырау рәсімі өтті. Биыл білім ордасынан 159 түлек қанат қағып, үлкен өмірге жолдама алды.
2025-2026 оқу жылы Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен спорттық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп мерейін асқақтатты. Сонымен қатар өнер, робототехника, кәсіпкерлік және ғылыми-инновациялық жобаларда да зияткерлер өздерінің көшбасшылық қабілеттерін дәлелдей білді.
«Бүгін – ерекше күн. Бұл тек мектеппен қоштасу емес, үлкен өмірге жасалған маңызды қадам. Әрбір түлек біздің мақтанышымыз. Сіздер тек білім алып қана қоймай, мектеп қабырғасында тұлға болып қалыптастыңыздар. Алдағы өмір жолында қайсарлық пен адалдық серік болып, ел болашағына қызмет ететін азамат болуларыңызға тілектеспін», – деді мектеп директоры Құралай Ахмадиева.
Шара барысында мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан оқушылар мен ата-аналар марапатталып, ұстаздарға алғыс айтылды.