Жаңалықтар
«Туған елге тағзым»: NIS оқушылары жасанды интеллект көмегімен туған өлкені зерттеді
12 маусым 2026 16:27
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде NIS жүйесіндегі ең ауқымды әрі көптен күткен білім беру жобаларының бірі – «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жабылу рәсімі өтті.
Жоба оқушылардың зерттеушілік, ғылыми және шығармашылық қабілеттерін дамытуға, туған жердің тарихы мен мәдени мұрасын танып-білуге, сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.
Биылғы экспедицияның басты ерекшелігі – оның Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылуы және зерттеу жұмыстарының негізгі тақырыбы ретінде жасанды интеллект технологияларының қолданылуы болды. Оқушылар дәстүрлі өлкетану бағыттарын заманауи цифрлық құралдармен ұштастырып, өңірлердің табиғи және тарихи ерекшеліктерін жаңа форматта зерттеді.
Экспедиция барысында Ақтау, Тараз және Түркістан қалаларынан келген зияткерлер бірнеше күн бойы өңірдің тарихи-мәдени нысандарын аралап, табиғи экожүйелерін зерттеді. Олар жергілікті флора мен фаунаны бақылап, су көздерінің сапасына талдау жүргізіп, қоршаған орта жағдайына қатысты деректер жинады.
Жоба аясында оқушылар арнайы әзірленген маршруттық парақтар бойынша жұмыс істеп, бес күндік зерттеу барысында ақпарат жинады, жергілікті тұрғындармен және мамандармен сұхбат жүргізді, өлкенің ерекшеліктерін жан-жақты зерделеді.