logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Түрлі бояуға толы күн

10 маусым 2025 22:33

Дәстүрлі жобаның алғашқы күні қызыққа толы болды.

Алдымен оқушы қонақтар мектеп жатақханасына орналастырылып, оларға мектептің негізгі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Биылғы жобада ұлы Абай шығармашылығын насихаттау басты ізгі мақсат екені мәлім. Осыған орай, мектеп дәлізінде Абай шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылған болатын. Ондағы құнды оқулықтар мен жәдігерлер оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Кейін көңілді құрам қала ішінің басты көрікті жерлерін аралауға кірісті. Алдымен, ұлы жеңіс күнінің ерекше белгісі саналатын Жеңіс саябағына барды. Мәңгілік алауды көріп, Атырау өңірінен соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгер ата-бабалар рухына тағзым етіп, есімдерімен, ерлік істерімен танысты.

Келесі аялдама – ТМД елдері арасындағы ең ұзын жаяу жүргіншілер көпірі. Еуропа мен Азияны жалғастырған бұл көпір 2001 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы – 551 метр. Жайық өзені арқылы өтетін ТМД-дағы ең ұзын жаяу жүргіншілер көпірі ретінде Гиннестің Рекордтар кітабына енген бұл көпір бүкіл атыраулықтардың мақтанышына айналғалы қашан.

Одан кейінгі нысан – ретро-парк. Ретро кезеңнен сыр шертіп тұрған әдемі саябақ ішінде әйгілі Дос-Мұқасан тобының ескерткіші бар.

Маңғаз Атыраудың өр рухын оқушылар Исатай-Махамбет алаңынан сезінгендей. Олар еңселі ескерткіш жанында естелік фотосуретке түсіп, алаң ортасындағы әдемі субұрқақты көріп, көзайым болды.

Бір айта кетерлігі, сапардың бұл бөлігінде мектеп тарихшылары балаларға әр нысан туралы толыққанды ақпар беріп, экскурсияның пайдалы болуына салмақты үлес қосты.