Жаңалықтар
Хан ордалы Сарайшыққа сапар
13 маусым 2025 11:25
«ТЕТ-2025» қатысушылары үшін ерекше басталды. Олар таң ата салысымен хан ордалы Сарайшыққа қарай беттеді.
Сарайшық – қазіргі Атырау облысының аумағында орналасқан, кезінде Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық көне қала. Ол Атырау қаласынан солтүстікке қарай 45 км жерде, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылы маңында, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткішінде бүгінде “Сарайшық” сапар орталығы туристерге қызмет көрсетіп келеді. Әсіресе, 2023 жылы пайдалануға берілген су жаңа мұражайдағы тың ақпараттар мен құнды жәдігерлер түкпір-түкпірден келген оқушылар үшін өте пайдалы болды. Музей нағыз замауи стильге тән салынып, түрлі инновациялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мәселен, «Секер көлінің» тарихынан сыр шертетін 3д моделіндегі әдемі картина келушілердің есінде ерекше сақталып қалды дер едік.
Сарайшық қаласының негізін Әбілғазы Бахадүр ханның деректеріне сүйенсек, Шыңғыс ханның немересі Бату хан қалаған екен. Жошы ұлысы империясындағы ірі қалалардың бірі болды. Мұнда ақсүйектерге арналған салтанатты сарайлар, әкімшілік үйлері салынған, оның айналасында қарапайым қала тұрғындарының, саудагерлер мен қолөнершілердің орамдары пайда болды. Кезінде қала Ұлы Жібек жолымен жүрген сауда керуендері тоқтайтын ірі орталықтардың біріне айналды.
Сарайшықта Алтын Орданың бірнеше хандары мен тарихи тұлғалары жерленген, оның ішінде Меңгі-Темір, Тоқты, Жәнібек, Бердібек, Тоқтамыс ханның басы, Барақ және қазақ ханы Қасым бар.