Жаңалықтар
Аспанмен астасқан аймақ: Тұздыкөлге танымдық экспедиция
14 маусым 2025 14:15
“ТЕТ-2025” жобасының қатысушы оқушылары Атырау өңірінің табиғи інжу-маржаны – Тұздыкөлге саяхат жасады. Жоба аясында ұйымдастырылған бұл сапар балалардың тек зияткерлік деңгейін ғана емес, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, өңір тарихына деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Тұздыкөл – Индер-Каспий ойпаты алабындағы тұзды тұйық көл. Атырау облысының Индер ауданы аумағында, Индербор кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 15-18 шақырым қашықтықта орналасқан. Шарасының аумағы 110 км2. Ұзындығы 13,5 км, ені 11 км, ең терең жері 0,7 м, жағалау сызығының ұзындығы 40 км. Негізгі толығу көзі айналасындағы саздардан шығатын тұзды бұлақтар. Көлге жылына 1,5 млн. тоннаға дейін тұз (негізінен NaCl) шөгеді.
Индер көлінен құрамында бром, калий бар жоғары сапалы ас тұзы өндіріледі. Ал көлдің лайлы саз-балшығы түрлі ауруларды емдеуге пайдаланылады.
Балалар көл тарихымен тереңірек танысып, өңірдің экологиялық ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Көшпелі зертханалық жұмыс ретінде су құрамын зерттеп, тұз кристаллдарының түзілу процесіне бақылау жүргізді. Ал биология пәнінің мұғалімдері оқушыларға көлдің пайда болуы, маусымдық өзгерістері мен климатқа әсері туралы қызықты ақпараттар ұсынды.
Сапар соңында оқушылар экологиялық челлендж ұйымдастырып, көл маңын қоқыстан тазалап, табиғатты қорғауға үн қосты. Бұл — табиғатпен үйлесімділікке үндейтін, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға баулитын тағылымды қадам болды.
Осындай танымдық саяхаттар арқылы жас ұрпақ тек мектеп пәндерін меңгеріп қана қоймай, өмірлік маңызды дағдыларды — зерттеу, бақылау, жауапкершілік, командалық жұмыс және табиғатты аялау сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді.